Қазақстан мен Ресей Президенттері екі ел халықтары достығының жеті негізі туралы мәлімдемеге қол қояды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей Президенттері екі ел халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемені бекітеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан Президенті екі ел қарым-қатынасында оң серпін бар екенін атап өтті.

— Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті. 

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы барлық салада сенімді түрде дамып келе жатқанын айтты.