Қазақстан мен Ресей Президенттері өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеүндеу жолдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан және Ресей Президенттері Уфа қаласында өтіп жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеүндеу жасайды. Бұл туралы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапары аясында «Казахстанская правда» газетінде басылған мақаласында айтты.

Фото: Ақорда

В. Путин қос мемлекеттің өңірлері де өзара тиімді кооперацияны нығайтуға елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті. 

«Ресей Федерациясының барлық дерлік субъектілері Қазақстандағы серіктестерімен тікелей байланыс орнатқан, энергетика, өнеркәсіп, көлік және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды бірге жүзеге асырып жатыр. Дәл қазір Уфада 20-шы мерейтойлық өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр, онда дәстүрлі түрде билік органдарының басшылары, заң шығарушылар, министрліктер мен ведомстволардың, бизнестің, ғылыми және қоғамдық ортаның өкілдері, яғни іс жүзінде екіжақты қатынастарды дамыту мәселелерімен айналысатын барлық адамдар бас қосады. Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен форум қатысушыларына бейнебайланыс бойынша үндеу жолдауды жоспарлап отырмыз», - деді РФ Президенті. 

Одан бөлек, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының ауқымды бағдарламасы әзірленді. 

«Бұл бағдарлама Ресей мен Қазақстан өңірлерінің әрі қарай әлеуметтік-экономикалық өсуіне, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасауға бағытталған 150-ге жуық бірлескен іс-шаралар мен жобаларды қамтиды», - деді Владимир Путин. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің шақыруымен Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатынбыз. Осы орайда, еліміздің беделді басылымдарының бірі — «Казахстанская правда» газетінде мақаласы жарияланып, іргелес мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы ойын жеткізді.