Қазақстан мен Ресей президенттерінің мәлімдемесінде Каспий құбыры консорциумы жұмысының тұрақтылығы аталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдемесінің мәтіні бүгін Ақорда сайтында жарияланды. Каспий құбыры консорциумы туралы пункт экономикалық ынтымақтастық бөлімінде жарияланған.

Фото: Ақорда

Ресей президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша жасалған бірлескен мәлімдеме жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдетуге арналған. Осы орайда, қарым-қатынастың негізгі бағыттары мәлімдеменің «саяси диалог», «экономикалық ынтымақтастық», «мәдени-гуманитарлық байланыстар» бөлімінде қамтылған. 

Атап айтқанда, экономикалық ынтымақтастық саласында тараптар неғұрлым әділ, теңдестірілген және ашық халықаралық сауда жүйесін қалыптастыруға мүдделілік танытатынын келісті. Біржақты шектеу шараларын қолдану халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және мемлекеттердің тұрақты дамуына теріс әсер ететінін, көпжақты сауданың ашық және кемсітілмейтін жүйесінің жұмыс істеуіне ықпал етпейтінін растады.

«Тараптар ұлттық валюталардағы екіжақты транзакциялар үлесінің ұлғаюын қолдайды, бұл ұзақ мерзімді перспективада екі елдің қаржылық егемендігін нығайтуға ықпал етеді», - делінген бірлескен мәлімдемеде

Сонымен қатар онда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық мәселесі қамтылған. Бұл тұрғыда тараптар ЕАЭО интеграциялық әлеуетін ашу және ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы Одақ шеңберіндегі ортақ нарықтарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

Бұдан бөлек, мәлімдемеде өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты екпін қойылған. 

«Тараптар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі, сондай-ақ елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы шешуші рөл атқаратын Каспий құбыр консорциумының тұрақты жұмысын атап өтеді», - деп аталып өткен құжатта.

Осы арқылы еліміздің мұнайын сыртқы шығаратын Каспий құбыр консорциумы жүйесінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне жоғары деңгейде кепілдік берілген. 

Жақында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында сарапшы Абзал Нарымбетов Қазақстанның мұнай экспортына қатысты пікір айтты

«Біздің экспорттың 98%-ы Ресей аумағы арқылы өтеді. Егер бұл маршруттар бойынша транзит тоқтатылса, Қазақстан экономикасы ауыр жағдайға тап болады», - дейді ол.

Мұнымен қоса, бірлескен мәлімдемеде газ саласындағы, оның ішінде газды үшінші елдерге тасымалдау мақсатында әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік бар екені хабарланған. 

«Бірлескен жобаларды іске асыру Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға қуатты серпін береді», - делінген мәлімдеме мәтінінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 27 қараша күні елімізге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келді. 

Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілді. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимі арқылы қатысты. 

Сондай-ақ 28 қараша күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы басталды

Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Ресей Президенті Владимир Путин, ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысып отыр. Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады