Қазақстан мен Ресей шекарадағы инфрақұрылым өзгерістерін келісіп отырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ашық НҚА платформасына Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пунктерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы келісім жобасы талқыға шығарылды. 

Фото: bqo_mkd bqo_mkd

Құжат қабылданған жағдайда тараптар шекаралық инфрақұрылымдағы кез келген өзгерісті келісетін болады.

Келісімнің мақсаты — Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы теміржол көлікті және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пунктерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылын ұйымдастыру, сондай-ақ осы келісімге сәйкес бекітілетін іс-шаралар жоспарларын (Жол картасын) іске асыру.

Келісімді іске асыруды екі елдің көлік министрліктері үйлестіреді.

Іс-шаралар жоспарына теміржол көлігін және теміржол көлігінің инфрақұрылымын дамыту, тараптар мемлекеттерінің аумақтарында орналасқан автомобиль жолдарының учаскелерін дамыту, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пунктерін дамыту, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пунктерін дамыту шаралары кіреді.