Қазақстан мен Ресей шекарасында кептеліс болуы мүмкін – Комитет түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен тасымалдаушыларды іргелес мемлекеттің аумағында алдағы жөндеу жұмыстары туралы хабардар етті.
Орынбор облысы бойынша Ресей Федерациясының ФҚҚ Шекара басқармасының ресми ақпаратына сәйкес:
1. 2025 жылғы 19-29 мамыр аралығында «Маштаково» автокөлік өткізу пунктінде (Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына шығу бағыты) инспекциялық-тексеру кешенінің негізін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
2. Сондай-ақ 2025 жылғы 19 мамыр мен 30 қараша аралығында Ресей Федерациясының уәкілетті органдары «Теплое» екіжақты автокөлік өткізу пунктінің аумағында жол төсемін жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр.
– Жөндеу іс-шараларын жүргізу кезеңінде өткізу пункттерінің жұмысы штаттық режимде жүзеге асырылады. Олардың жұмыс істеу тәртібіне өзгерістер енгізу көзделмеген. Сонымен қатар «Сырым» және «Тасқала» қазақстандық өткізу пункттерінің маңында көлік құралдарының қозғалысына уақытша қиындықтар туындауы және кептелістер болуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комиеті тасымалдаушыларға маршруттарды алдын ала жоспарлауды және мүмкіндігінше мемлекеттік шекарадан өту кезінде балама бағыттарды пайдалануды қаперге салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін өзбек тарапы Қазақстан, Ресей және Әзербайжан азаматтарын шекарадан жеке куәлікпен өткізу тәртібін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған едік.