Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық өткел ашу жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ Саратов облысының үкіметі Қазақстанмен экономикалық байланыстар мен көлік қатынасын дамыту мақсатында Александров-Гай ауданынан шекаралық өткел ашуды жоспарлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ресейдегі ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл аумақ арқылы Қазақстан мен Орталық Азияға баратын ең қысқа әрі қолайлы транзит өтеді. Халықаралық байланыс болмағандықтан, мұнда шағын бизнес дамымай, көкөніс шаруашылығы жұмысын тоқтатқан, Қазақстаннан жемшөп сатып алатын мал шаруашылығы мекемелері де шығынға батқан.

«Мемлекеттік Думадағы Саратов депутаттарына, «Ресей теміржолы» басшылығына жүгіну жөнінде шешім қабылданды. Алдағы уақытта кеден қызметімен шекаралық өткелді ашу, оның ішінде Александров-Гай - Қазталов жолын жөндеу жоспары бар, бұған қаржылық-экономикалық негіздеме дайындалады» - делінген Елшіліктің хабарламасында.

Бұл шекаралық өткелдің ашылуы болашақта Қазақстанмен шекарадағы 220 шақырымдық Урбах -Александров-Гай  автожолын федералды меншікке беру мәселесінің көтерілуіне түрткі болмақ.

Екіжақты автомобилдік пункт 2010 жылға дейін болған. Қазір ол демалыс және мереке күндері ғана жұмыс істейтін арнайы шекаралық өткелге айналды. Өткізу әлеуеті айына 150 автокөліктен аспайды, ал тауар мен жүк өткізуге тыйым салынған. Ең жақын жабдықталған пункт 500 шақырым қашықтықтағы Озин ауданында орналасқан.