Қазақстан мен Ресей «Союз-5» және «Бәйтерек» ұшу сынақтары бойынша комиссия құрмақ

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей «Союз-5» және «Бәйтерек» зымыран кешендерінің ұшу сынақтарын өткізу жөніндегі комиссия құруға уағдаласты. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі барысында үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасу рәсімі өтті.

Солардың қатарында — «Союз-5» және «Бәйтерек» зымыран кешендерінің ұшу сынақтарын өткізу жөніндегі Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келісім де бар.

Бүгін Мәскеуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев аталған келісімге қол қойды.

— Комиссияны құру ұшу сынақтарына дайындық пен оларды өткізу бойынша жұмыстарды үйлестіруге, сондай-ақ ғарыш саласындағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі болып саналатын «Бәйтерек» жобасын одан әрі іске асыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметіне сәйкес «Бәйтерек» жобасы 2004 жылы қол қойылған үкіметаралық келісімге сәйкес «Байқоңыр» ғарыш айлағында жүзеге асырылуда және ол Қазақстанның зымыран-ғарыш саласын дамытудың жаңа кезеңін қамтамасыз етіп, елдің технологиялық және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойғанын жазған едік.