Қазақстан мен Ресей сыртқы істер министрліктері аралық консультациялар өткізеді
10:13, 26 Маусым 2010
АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы шеңберінде, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Ермекбаев маусымның 25-26-да Мәскеу қаласында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Бородавкинмен ҚР-РФ сыртқы істер министрліктері аралық консультациялар өткізеді.
Аталған сыртқы істер министрліктері аралық консультацияларда ҚР-дың ШЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі басымдықтары туралы талқыланатын болады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
2011 жылы маусымда Астана қаласында ШЫҰ Мемлекет басшыларының мерейтойлық Саммитінің өтетінін ескере отырып, қазақстандық тарап Ұйым тарихында тұңғыш рет ШЫҰ-ның 2010-2011 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарын қабылдаудың бастамашысы болды. Аталған Іс-қимылдар жоспары көпжақты сипатқа ие және ШЫҰ-ның түрлі саласындағы негізгі іс-шараларын айқындайды.