Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне жарияланған мақаласында жазды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етіп отыр. Астанада өтетін алдағы саммит аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайта түсетін басты оқиға болмақ. Еліміз ұжымдық қауіпсіздікті бейбіт жолмен қамтамасыз ету және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау жолында күш біріктіруді барынша қолдап отыр», — деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы БРИКС ұйымының Қазан қаласындағы тарихи саммиті өте нәтижелі болғанын атап өтеді. 

«Бұл форум Владимир Владимирович Путиннің ерік-жігері мен абырой беделінің және әлем жұртының 45 пайызының мүддесін қорғайтын бірлестікке Ресейдің тиімді төрағалық етуінің арқасында өтті», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл екі жақты қарым-қатынас үшін жемісті жыл болды деп сеніммен айтуға болатындығын баса айтады.

«Сонымен бірге, 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. Соның бәрі екі ел азаматтарының игілігіне айналады деп сенемін. Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты және ең бастысы, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Біз елдеріміздің басты мүддесіне сай келетін ең батыл идеяларды бірге жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Ал, Қазақстанға келер болсақ, біз тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береміз», — деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің шақыруымен Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатынбыз.