Қазақстан мен Ресей ядролық қауіпсіздік бойынша жаңа жоспар қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді, деп хабарлайды Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Ресей Федерациясы Президентінің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында 2026 жылғы 28 мамырда Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Экологиялық, технологиялық және атомдық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Ресей Федерациясы) арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумды іске асыру мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Құжат қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға және екі елдің бейінді ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Жоспар лицензиялау, бақылау-қадағалау қызметі, сараптамалық консультациялар, семинарлар, тағылымдамалар және ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу мәселелері бойынша кәсіби өзара іс-қимылдың өзге де нысандары салаларында тәжірибе алмасуды қоса алғанда, бірлескен іс-шаралар өткізуді көздейді.

Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, кадрлық әлеуетті дамытуға, сондай-ақ атом электр станциясын салу жобасын іске асыру үшін қажетті Қазақстан Республикасының заңнамасын бейімдеу және үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

Фото: Атом энергиясы жөнінде агенттік

— Жоспарды іске асыру екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеудің ұлттық жүйесін дамытуға, халықаралық тәжірибе мен үздік практикаларды енгізуге, сондай-ақ бейбіт мақсатта атом энергиясын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін тиімді реттеушілік инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді, — делінген агенттік хабарламасында.

Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне Балқашта АЭС салуда батыл қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.