Қазақстан мен Ресейдің теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім мақұлданды
15:57, 28 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған келісімнің негізгі мақсаты ? Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы теңіз көлігі саласындағы қатынастарды реттеу мен дамыту және кеме қатынасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ заң жобасы екі мемлекеттің де теңіз- сауда флотын және айлақтарын тиімді пайдалануға, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және теңіз ортасын қорғауға бағытталған.
Келісім айлақтарға еркін кіру, жүктерді тиеу және түсіру үшін оларды пайдалану, алымдарын төлеу, қарапайым коммерциялық операцияларды және теңізде жүзуге арналған қызметтерді пайдалану бөлігінде өз тарапына қатысты қолданылатындай режимді қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен бірге, тараптардың құзыретті органдары берген кемелік құжаттарды және теңізшілердің жеке басын куәландыратын құжаттарды тануы көзделеді. Бұл ретте Келісімнің 9-бабында теңізшілердің жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі болып теңізшінің жеке куәлігі белгіленген.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.