Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимыл жасамайтын бағыты жоқ - Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Ресей арасында қандай да бір даулы мәселе жоқ. Бұл туралы Ақордада Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздердің қорытындысына орай өткен брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

«Бүгінгі кездесу барысында құрметті Владимир Владимирович Путин екеуміз елдеріміздің көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл динамикасын егжей-тегжейлі талқыладық. Сындарлы түрде өңірлік және жаһандық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмастық. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨІСШК сияқты маңызды өңірлік бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық бойынша толық өзара түсіністігімізді қанағаттанушылықпен атап өтемін. Бүгінде біздің елдеріміз өзара іс-қимыл жасамайтын бағыт жоқ десек те болады», - деді Мемлекет басшысы. 

Президент ең бастысы Қазақстан мен Ресей арасында қандай да бір даулы мәселе жоқ екендігін баса айтты.

«Біз әрқашанда да екі мемлекеттің мүдделерін барынша ескеретін теңдестірілген шешімдерді табамыз. Мүмкіндікті пайдаланып, Ресейдің құрметті президентіне халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға тынымсыз жеке көңіл бөлгені үшін алғыс білдіремін. Алда бірлескен көп жұмыс бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.