Қазақстан мен Румыния арасында инвестицияларды қорғау туралы келісім жасалды - Мәжіліс

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, аталмыш келісімге 2010 жылдың 2 наурызында Астана қаласында қол қойылған. Келісім негізінен Румынияның Еуропалық одаққа енуіне байланысты румын тарапының бастамасымен жасалып отыр.

Келісім бойынша қолданыстағы заңнамадағыдан өзге инвестициялық ахуалды жақсарта түсу үшін өзара инвестициялық қатынастар кезінде инвесторларды қосымша кепілдіктермен қамтамасыз ету де қарастырылған. Келісуші әр тарап өз аумағына Келісімдегі өзге тарап салған инвестицияларды мүмкіндігінше ынталандырып, сол инвестицияны өз мемлекетінің ұлттық заңнамаларына сәйкестендіріп қабылдайды.