Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында бүгінгі Қазақстан және Сан-Марино кездесуі әлемнің 36 мемлекетінде тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін, 17 қарашада елорда уақытымен 21:00-де «Астана-Арена» стадионында басталатын кездесу Qazaqstan және Qazsport телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, ойынды 36 елдің тұрғындары тікелей эфирде тамашалай алады.
Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Мексика, Испания, Франция, Индонезия, Сингапур, Ресей, Түркия сынды мемлекеттер бар.
Ел құрамасы H тобында сынға түседі. Турнир кестесінде 8 ойыннан кейін 15 ұпай жинап, үшінші орында тұр.
Алғашқы екі орындағы Словения мен Данияның еншісінде 19 ұпайдан бар.
Алдағы екі ойында жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан құрамасының құрлықтық дода финалдық сатысына шығуына мүмкіндік туып тұр.
Еске салсақ, Қазақстан мен Сан-Марино матчына билет толық сатылып кетті.
Сондай-ақ, аталған кездесуде австриялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.