Қазақстан мен Сан-Марино Республикасы арасында визасыз режим орнатылады

Фото: Фото: ҚР Италия Республикасындағы Елшілігі

9 қарашада Сан-Марино қаласында Қазақстан мен Сан-Марино Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ҚР Италия Республикасындағы Елшілігіне сілтеме жасап. 

Құжатқа ҚР Мальта және Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Сембаев және Сан-Марино Республикасының Сыртқы істер, Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және телекоммуникациялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Лука Беккари қол қойды.

Келісім екі мемлекеттің азаматтарын алғашқы кіру сәтінен бастап визалық талаптардан 90 күнге босатады. Екі ел азаматтарының жол жүру құжаттары: азаматтың төлқұжаты, дипломатиялық және қызметтік төлқұжаты.

ҚР Үкiметi мен Сан-Марино үкiметi арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келiсiм тараптардың өзара келiсуі үшiн қажеттi мемлекеттiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алғаннан кейiн 30 күн өткен соң күшiне енедi.