Қазақстан мен Сауд Арабиясы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапармен барды.
Делегация құрамында «Самрұқ-Қазына» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ меморгандар мен квазимемлекеттік мекемелердің өкілдері болды.
Сапардың басты оқиғасы корольдіктің Сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бен Фархан Аль Саудпен келіссөздер болды. Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге басымдық бере отырып, қазақ-сауд серіктестігінің ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты қарастырды.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары өзара сыйластық, сенім және стратегиялық бірін-бірі толықтыру қағидаттарына негізделген екіжақты қатынастардың қарқынды серпінін атап өтті. Басты назардың шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге және ынтымақтастықты нақты өзара тиімді жобалармен толықтыруға бағытталғандығы расталды.
Өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, сондай-ақ ОПЕК+форматын қоса алғанда, халықаралық құрылымдар шеңберіндегі күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы аталып өтті. Ведомствоаралық тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру және негізгі халықаралық мәселелер бойынша тәсілдерді келісу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Қазақстан Сауд Арабиясын Таяу Шығыс пен араб әлеміндегі жақын және сенімді серіктес ретінде қарастырады. Біздің елдеріміз мазмұнды саяси диалогты, сенімнің биік деңгейін және жаһандық және өңірлік сын – қатерлердің кең ауқымы бойынша ұстанымдардың жақындығын біріктіреді», - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін ашуға ерекше назар аударылды. Қазақ тарапы энергетика, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және «жасыл» экономиканы қоса алғанда, басым секторларда сауд капиталының қатысуын кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Өз кезегінде ханзада Фейсал бен Фархан Корольдіктің іскерлік байланыстарды одан әрі жандандыруға және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша іс жүзіндегі кооперацияны тереңдетуге дайындығын растады.
Сапар аясында Қазақстан СІМ басшысы бірқатар екіжақты кездесулер, оның ішінде Корольдіктің Энергетика министрі ханзада Абделазиз бен Салман Аль Саудпен, Инвестициялар министрі Фахад Әл-Саифпен, сондай-ақ ACWA Power компаниясының Басқарма Төрағасы Мұхаммед Абунаянмен кездесу өткізді.
Келіссөздер дәстүрлі генерация, жаңартылатын энергия көздері және «жасыл» көшу саласындағы жобаларды қоса алғанда, энергетикадағы салалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ Сауд Арабиясының инвестициялары мен технологиялық шешімдерін Қазақстан экономикасына тарту мәселелеріне бағытталды.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы және Үйлестіру кеңесін құру туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.