Қазақстан мен Сербия әскери-техникалық ынтымақтастықты күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ІI оқылымда қабылданды.

Коллаж: Kazinform

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім 2023 жылғы 29 қарашада Белградта жасалды. Келісімнің мақсаты – ұлттық заңнамаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасында тең құқылық қағидаты негізінде өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты белгілеу және одан әрі дамыту, – деді заң жобасын таныстырған Құрылтай депутаты Алмат Жөкебаев.

Сонымен қатар, келісім аясында әскери мақсаттағы өнімді екі елдің бір-біріне жеткізуі көзделіп отыр. Оған қару-жарақ пен әскери техника, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, ынтымақтастық барысында әзірленген немесе берілген зияткерлік қызмет нәтижелері, соның ішінде оларға арналған айрықша құқықтар, әскери-техникалық саладағы ақпарат пен құжаттама жатады.

Келісімді ратификациялау Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай туғызбақ.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай мемлекеттік наградалар туралы заң жобасын мақұлдағанын жазғанбыз.