«Біздің экономикаларымыз бірін-бірін толықтыра алады. Біз жеткізілетін тауардың сұрыпталымын кеңейтуге дайынбыз. Бүгін көптеген жайттың басын аштық. Яғни Сербияда барын Қазақстанға, бізде барын Сербияға жеткізіп, өзара айырбас жасай аламыз. Біздің экономикаларымыз бұл жұмыстарды жүргізе алады», - деді Елбасы.
Осы орайда Қазақстан Президенті еліміздің аумағында серб капиталының қатысуымен 20 кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын айтты.
«Біз екінші отырыс күні кеше осы жерде өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның алдына жаңа міндеттер қойдық. Басым бағыттарды айқындадық. Олар: ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және басқа салалар», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасында жүк жеткізуді жеделдету үшін инфрақұрылым құруға мүдделік танытатындығын баса айтты.
Айта кетейік, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Бүгін мәртебелі мейман Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президентін «Достық» орденімен марапаттады.
Ал Александр Вучич Қазақстан Президентіне өз елінің ең жоғары наградасы «Сербия Республикасы» орденін табыс етті.
Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.
Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және сопрт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.