Қазақстан мен Shell жаңа мұнай-газ жобаларын талқылады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Шелл» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрағасы Сюзанн Куганмен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform

Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері қаралды.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, биылғы наурыз айында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жаңатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған келісімшартқа қол қойды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары елімізде геологиялық барлау қызметін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, «Жаңатұрмыс» жобасын жетілдірілген модельдік келісімшарт шеңберінде жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар жүздесу барысында еліміздің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы бар Қарашығанақ және Қашаған жобаларын жүзеге асыру мәселелері қозғалды. Тараптар өндірістік көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жобаларды әрі қарай дамыту қажеттігін атап өтілді.

Сондай-ақ «Шелл» компаниясының еліміздің батыс өңірлеріндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кездесу соңнда тараптар ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін жеткізді.

Осыған дейін үкіметте мұнай-газ және көлік саласын дамыту мәселелері қаралды.