Қазақстан мен Швейцария арасындағы салық ынтымақтастығы кеңейе түседі

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы салық салу мәселелерін қамтитын Хаттама талқыланды.

Құжат «Бернде 1999 жылғы 21 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы деп аталады. Хаттама 2010 жылғы 3 қыркүйекте Астана қаласында жасалған. Құжат негізінен екі мемлекеттің заңнамаларында көзделген өзгерістерге байланысты болып табылады. Атап айтқанда, Конвенцияның «Өзара келісу рәсімдері», «Ақпарат алмасу» деген жекелеген баптарына өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер уағдаласушы мемлекеттердің салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және салықтан жалтаруды болғызбау мақсатында салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасуды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан үшін Швейцария үлкен мәнге ие. Өйткені, бүкіл Еуропа бойынша тауар айналымының 60 пайызы осы елге тиесілі. Швейцария үшін де Қазақстан ерекше орын алады, бұл елдегі сауда-саттық бойынша Қазақстан ТМД-да Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Түйіндей айтсақ, Хаттама Қазақстан мен Швейцария арасындағы салық қызметінің ынтымақтастығын кеңейте түседі.