Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәлім болды. Еске салсақ, жиын барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы салық салу мәселелерін қамтитын Хаттама мақұлданған еді.
ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, Қазақстанға Швейцария экспорты 4 млрд. 900 млн. долларды, импорт 215 млн. долларға жеткен. «Қазақстан экспортының негізгі бағыттары минералдық шикізат болса, импорт құрылымында химия және машина жасау саласының жабдықтары қамтылып отыр. Швейцария компанияларының қатысуымен Қазақстанда 163 кәсіпорын және 60 филиалы мен өкілдіктері жұмыс істейді», - дейді Р. Дәленов.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан үшін Швейцария үлкен мәнге ие. Өйткені, бүткіл Еуропа бойынша тауар айналымының 60 пайызы осы елге тиесілі. Швейцария үшін де Қазақстан ерекше орын алады, бұл елде сауда-саттық Ресейден кейінгі екінші орында тұр.
«Жалпы хаттама Қазақстан мен Швейцария арасындағы салық қызметінің ынтымақтастығын кеңейте түседі. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Швейцария сыртқы сауда серіктестігі ретінде 8-і орында тұр. Сонымен қатар, 2008 жылға қарағанда 2009 жылы тауар айналымы 11,5 млрд. доллардан 2,8 млрд. долларға күрт төмендесе, өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 млрд. долларға өсіп отыр. Бұл мәлімет екі ел арасындағы экономикалық байланыстар әлі де болса тұрақты түрге ие емес екенін көрсетеді», - дейді депутат Шавхат Өтемісов.