Қазақстан мен Швейцария арасындағы ынтымақтастық байланыстың дамуына ешқандай кедергі жоқ

СТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Стефан Неллен мырзаны қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Швейцария әріптестік байланысты нығайтып келе жатқанын айта келіп, екі ел арасындағы сауда айналымы қаржы дағдарысы кезінде бәсеңдегенмен, алдағы кезеңде жоғарғы қарқынға ие болатынына сенім білдірді.

Қазақстан мен Швейцария арасындағы ынтымақтастық байланыстың дамуына ешқандай кедергі жоқ. Тараптар осындай ортақ пікір айтты.

Елші соңғы жылдары екі ел арасындағы байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін, мұнай саласын игеруде бірлесе атқаратын істер көп екенін айтты.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және басқа да еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанған көзқарасы жайлы әңгімеледі.

Тараптар сауда-экономикалық айналымды жақсарту, тәжірибе алмасу үшін екі ел Парламенттері арасындағы достық тобының жұмысын жандандырып, байланысты дамытудың маңызды екенін айтты.

Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы Елшінің Қазақстандағы мәртебелі қызметіне табыс тіледі.