Қазақстан мен Швейцария көлік, фармацевтика және экология саласындағы байланысты күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Джорджо Помпилиомен Астанадағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты кездесті. Бұл туралы СІМ мәлім етті.

Фото: СІМ

Кездесу барысында тараптар қазақ-швейцар ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, сондай-ақ оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. «Blue Peace Central Asia» (BPCA) бастамасы аясындағы су және экология салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Көлік, фармацевтика және экология салаларындағы практикалық әріптестікті тұрақты дамыту маңыздылығы аталып өтті.

Кездесу соңында А. Исетов Д. Помпилиоға екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы дипломатиялық қызметіне табыс тіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 300-ге жуық швейцариялық компания жұмыс істейтінін жаздық.