Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) мен Сингапурдың Азаматтық авиация басқармасы (CAAS) Ниет туралы мәлімдемеге қол қойды. Құжатқа ҚАӘ бас атқарушы директоры Майкл Дэниел мен CAAS бас директоры Хан Кок Хуан қол қойған.
Екі ел Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды авиациялық хабтар саналады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Сингапур арасындағы әуе қатынасы айтарлықтай дамыған.
Жаңа келісім аясында тараптар ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, саланың орнықты дамуы, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу бағыттарында ынтымақтастық орнатуды көздеп отыр.
Сондай-ақ авиациялық инспекторларды даярлау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу жұмыстарына басымдық беріледі.
– CAAS-пен ынтымақтастықты нығайту – авиация мамандарымыздың кәсіби құзыреттерін одан әрі арттыру жолындағы маңызды қадам. Біз тәуекелге бағдарланған қадағалау, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік, сондай-ақ инспекторларды даярлау салаларында тәжірибе және озық практикалармен алмасудың маңыздылығын жоғары бағалаймыз, – деді ҚАӘ бас атқарушы директоры Майкл Дэниел.
Оның айтуынша, Қазақстан мамандандырылған оқыту мен кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтіп, қауіпсіз әрі тиімді азаматтық авиация жүйесін қалыптастыруға мүдделі.
Бұл құжат 2024 жылы жасалған оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің аясын кеңейтеді. Бұған дейін екі елдің әріптестігі негізінен Қазақстанда авиациялық даярлау бағдарламаларын іске асырумен шектелген.
Тараптар 2027 жылдың бірінші жартысында жаңа Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Құжат CAAS делегациясының Қазақстанға сапары кезінде рәсімделуі мүмкін.
Жаңа меморандум аясында екі елдің авиациялық ведомстволары басшыларының жыл сайынғы кездесулерін өткізу көзделген. Олар Қазақстан мен Сингапурда кезекпен ұйымдастырылады.
– Ниет туралы мәлімдемеге қол қою азаматтық авиация саласындағы екі органның техникалық ынтымақтастықты тереңдетуге, елдеріміз бен өңірлеріміз арасындағы байланысты нығайтуға, мамандар арасындағы өзара іс-қимыл мен іскерлік байланыстарды жандандыруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға деген ортақ ұстанымын көрсетеді, – деді CAAS бас директоры Хан Кок Хуан.
Оның сөзінше, жыл сайынғы ресми кездесулер екі елдің авиация саласындағы әріптестігін тұрақты негізде дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін сингапурлық Changi Airport Group компаниясы Астананы өңірлік авиациялық хабқа айналдыруға атсалысуға дайын екенін мәлімдеген еді. Компания Қазақстандағы әуежай инфрақұрылымын дамытуға өз тәжірибесі мен технологияларын ұсынуға мүдделі.