Қазақстан мен Сингапур президенттері бір-бірін дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығымен құттықтады

БЕЙЖІҢ-СИНГАПУР. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 25 жыл толды. Атаулы күнге орай екі мемлекеттің басшылары бір-бірін құттықтап жеделхат жіберді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі Сингапурдың  «The Straits Times» беделді басылымына сілтеме жасап.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатында Сингапур Президенті Халима Якоб екі ел арасындағы қарым-қатынастар тұңғыш Премьер-Министр Ли Куан Ю мен Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның өзара достығы негізінде 25 жылдан бері тек нығаюмен келе жатқанын атап өтті», - деп жазады басылым.

Халима Якоб екі халықтың жарқын болашағы жолында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға үміт артатынын білдірді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев та екі елдің арасындағы берік байланыстарды тілге тиек етті.

«Соңғы ширек ғасырда елдеріміз арасында тұрақты саяси диалог орнатылып, сауда мен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдайлар жасалды. Қазақстан мен Сингапурдың өзекті халықаралық мәселелерге деген көзқарасы бірдей әрі халықаралық аренада өзара тиімді ынтымақтастық жасап келеді», - деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев, екіжақты байланыстар жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіріп.

Сингапурдың сыртқы істер министрі Вивиан Балакришнан да Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа құттықтау жолдап, екі елдің экономиканы, адам капиталын дамытудағы ортақ тәжірибесін тиімді пайдалануына болатынын айтты.

Қ. Әбдірахманов, өз кезегінде ЕАЭО пен Сингапур арасындағы еркін сауда айналымы туралы келісім бойынша келіссөздердің сәтті аяқталуына, Қазақстан мен Сингапур арасындағы екіжақты инвестицияларды қорғау және ілгерілету жөніндегі келісімнің қол қойылатынына үміт артатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның Сингапурдегі елшілігі Фейсбуктегі парақшасында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар тарихынан сыр шертетін сирек фотосуреттерді хронологиялық ретпен жариялады.

Басты фото: egemen.kz