Кездесу барысында жасыл экономиканы, бизнесті, логистиканы және қаржы жүйесін дамыту салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Сингапур арасында 25 жыл ішінде барлық бағыттар бойынша сындарлы диалог орнаған, екіжақты қарым-қатынасты дамытуда және халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасауда оң үрдіс қалыптасқан.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар сот жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу және Smart City жобаларын іске асырудағы табыстылық туралы тәжірибе алмасты.
Премьер-Министр өткен жылы $123,7 млн құраған екіжақты тауар айналымының динамикасындағы оң өзгерістерді атап өтті. Соңғы уақытта екіжақты қарым-қатынас айтарлықтай жандана түсті. Бұдан өзге, қазақстандық нарықта сингапурлық инвесторлар үшін Еуразиялық экономикалық одақ жаңа мүмкіндіктер ашуда. Қазақстан Сингапурдың ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі бастамасын қолдайды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанның біржақты тәртіпте Сингапур азаматтарына визалық режімді 30 күнге дейін алып тастауына байланысты іскерлік байланыстар кеңейіп жатқаны байқалуда.
2016 жылы өзара сауда-саттық $91,4 млн құрады. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы $123,7 млн құрады, соның ішінде экспорт - $86,5 млн. 2018 жылдың І тоқсанындағы тауар айналымы $28,1 млн болды.