Кездесу барысында тараптар аграрлық саладағы ынтымақтастықтың болашағы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту бағыттарын талқылады.
Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен өнімдері бойынша екіжақты сауданың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы АӨК өнімдері бағытында тауар айналымы 11,5%-ға өсіп, 595 млн АҚШ долларына жетті. Оң үрдіс ағымдағы жылы да сақталуда. Мәселен, бірінші тоқсанда өзара сауда көлемі 26,1%-ға артып, 182 млн АҚШ доллар болды.
Экспорттың негізгі үлесі бидай, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері, ет өнімдері және өзге де ауыл шаруашылығы тауарларына тиесілі.
Қазақстан тарапы ұн тарту өнеркәсібі, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, кондитерлік өнімдер, өсімдік майы, табиғи шырындар мен концентраттар өндіру бағыттарында бірлескен кәсіпорындар құруға және Қазақстан аумағында Тәжікстан инвестицияларын тарту арқылы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
— Аграрлық азық-түлік саласында өткізілетін іс-шаралар туралы ақпаратпен тұрақты түрде алмасуды ұсынамыз. Сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты жандандырып, аграрлық ғылым мен білім беру бағытындағы әріптестікті нығайту қажет. Оның ішінде білім, тәжірибе және технология алмасу да маңызды рөл атқарады. Бірлескен бастамаларды іске асыру елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді, — деді Айдарбек Сапаров.
Келіссөздер барысында екі елдің салалық ведомстволары әзірлеген ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған Жол картасына ерекше назар аударылды. Құжатқа қол қою ағымдағы жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Өз кезегінде Курбон Хакимзода Тәжікстан тарапының Қазақстанмен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растап, сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, аграрлық ғылым және заманауи технологияларды енгізу салаларындағы әріптестік әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар агроөнеркәсіптік кешендегі ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетелік биыл фермерлерге 750 млрд теңге бөлінетіні туралы жазған едік.