Қазақстан мен Тәжікстан көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM – 15 мамырда ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының XVIIІ отырысы аясында Тәжікстанның көлік министрі Азим Иброхим қазақстандық әріптесі Нұрлан Сауранбаевпен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі .

Фото: Avesta.tj

Азим Иброхим Тәжікстанның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде Қазақстанмен көлік ынтымақтастығын дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. 

2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша елдер арасындағы автомобиль жүк тасымалында оң үрдіс байқалғаны атап өтілді: тасымалдаудың жалпы көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға, ал көлік құралдары саны – 17,9%-ға өсті.

Сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы теміржол тасымалы мен транзиттің артқаны атап өтілді. 2025 жылы теміржол тасымалының жалпы көлемі 5,6 млн тоннадан асты, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 621 мың тоннадан астамға артық.

Тараптар халықаралық көлік дәліздерін одан әрі дамыту, транзиттік рәсімдерді жеңілдету, тасымалдауды цифрландыру және елдер арасындағы инфрақұрылымның сыйымдылығын арттыру мәселелерін талқылады.

Осыған дейін Қазақстан мен Тәжікстан арасында АӨК саласындағы тауар айналымы 595 млн долларға жеткені хабарланды.