Оның сөзіне қарағанда, арбитраждық процесте тараптар мұндай дауды жабық режімде қарауға уағдаласқан.
«Біз ол жайында шешім шыққаннан кейін ғана айта аламыз. Оның өзінде де барлық мән-жайды ашпаймыз. Барлық құжат бірдей жария болмайды. Бұл сот процесінен арбитраждық даудың басты айырмашылығы. Бірақ, түрік кәсіпкері біраз жыл бұрын келгенін және Атырау әуежайын 50/50 басқарғанын айта аламыз. Экономикамыз дамып келеді және Атырау әуежайы да дамуы қажет. Осы ретте тараптардың арасында оны дамытуға, кірісті бөлуге қатысты қарама-қайшылық туындады. Яғни, Қазақстанға мол қаражат құйып, терминал салып, үлкен құрал-жабдықтар сатып алып, навигацияға арналған жабдықтарды жаңартып, ұшу-қону жолағын қалпына келтіріп әуежайды дамыту қажет болды. Мұндай мәселенің барлығы қаражатты қажет етеді», - деді ол.
Оның пайымынша, қаражат құймай тұрып үлкен кіріске үміт артуға болмайды.
«Шамамен осы мәселелер төңірегіндегі мән-жайларды анықтау болды. Қорытындысында біз өз ұстанымызды жақтап шықтық және түрік кәсіпкерінің барлық талаптары қабылданбады. Ендігі уақытта Атырау облысының әкімдігі әуежайды тиімді және жылдам дамыта алатындығына қуаныштымыз», - деді Марат Бекетаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 8 қарашада Халықаралық сауда палатасының жанындағы Төрелік трибунал «Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi» түрік компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы берген барлық талаптарын қабылдамау бойынша шешім шығарды.