Қазақстан мен Түрікменстанның СІМ басшылары Каспий саммитіне дайындық барысын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Түркіменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередов екі мемлекет басшыларының алдағы жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындық барысын телефон арқылы талқылады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Әңгіме барысында тиімді саяси өзара ықпалдастық, кеңейетін сауда-экономикалық ынтымақтастық және күшейіп келе жатқан мәдени-гуманитарлық байланыстар дәлел болып табылатын қазақ-түркімен қатынастарының жоғары динамикасы атап өтілді.

Тараптар алдағы Ақтау қаласында өтетін Бесінші Каспий саммитін ұйымдастыру және мазмұндық аспектілерін әзірлеуге ерекше назар аударды, сондай-ақ биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтетін «Халықаралық Аралды құтқару қорының» негізін қалаушы мемлекеттер ретінде бірлескен әрекетті сөз етті.