Қазақстан мен Түркіменстан президенттері екіжақты ынтамақтастықтың мән-жайын талқылады
18:55, 05 Маусым 2014
БОДРУМ. ҚазАқпарат - Бүгін Бодрумда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммиті аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі Серік Сабеков.
Елбасы журналистерге берген сұхбатында кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері талқыланғанын атап өтті. Оның ішінде Түркіменстан арқылы Иранға және одан әрі Парсы шығанағына шығатын темір жолдың құрылысы мәселесі, сондай-ақ Каспий маңы ынтымақтастық шаралары қарастырылды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келісімшарт-құқықтық базасы 52 құжатты қамтып отыр.
ҚР кедендік статистиканың деректеріне қарағанда, 2013 жылдың 9 айында екі елдің арасындағы тауар айналымы 328,4 млн. долларды құрады.