Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қатынастың көлемі 2010 жылы 3,5 миллиард долларды құрады - Қазақстанның Түркиядағы Елшісі

None
АЛМАТЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сауда-экономикалық қарым-қатынастарда Қазақстан мен Түркия өз әлеуеттерін әлі толық пайдаланып отырған жоқ. Оны Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев кеше Алматыда түрік іскер адамдарымен болған кездесуде айтты.

"2010 жылы екі елдің арасындағы сауда экономикалық қатынастардың көлемі 3,5 миллиард доллар болды. Бұл 2009 жылы 1,4 миллиард, ал 2008 жылы 2,9 миллиард долларды құраған болатын. Былтыр сауда айналымындағы Қазақстанның үлесі 2 миллиард долларды құрады", -дейді Жансейіт Қансейітұлы. Түркиядағы
Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісінің айтуынша, Түркия соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Былтыр бауырлас бұл елдің жалпы ішкі өнімі 913 миллиард доллар, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 5,5 пайыз болды. Ал экспорт - 160 миллиард доллар, импорт - 245 миллиард долларды құрады. Ел экономикасындағы туризмнің кірісі 20 миллиард доллар болып отыр. Ж. Түймебаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттері арасында Кеден одағының құрылуы түрік инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Қазақстан нарығына кіру арқылы оларға жалпы ішкі өнімі 2 триллион долларды, ал тұрғындары 170 милллионға жуық адамды құрайтын бірыңғай тауар нарығында сауда жасауға қолайлы жағдайлар бар. 2010 жылы 25 мамырда Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға ресми сапары кезінде Елбасы - "таяудағы жылдары біз сауда айналымының көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді алдымызға міндет етіп қойып отырмыз" деген болатын. Жансейіт Түймебаев әріптесі Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Лале Улкермен бірге түрік іскер адамдарымен болған бұл кездесуде оған қол жеткізуге қазіргі кезде екі елде де барлық қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.