Қазақстан мен Түркия әскерилеріне теңдей жағдай жасалмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік меморандумын ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Меморандумға 2016 жылы 20 қаңтарда қол қойылды. Құжаттың мақсаты тараптардың міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілеу болып табылады. Сонымен қатар оқу-жаттығу өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуінің негізгі қағидаттарын айқындайды»,-деді заң жобасын бойынша баяндама жасаған ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Майкеев.


Меморандумның ережелеріне сәйкес, оқу-жаттығу өткізу барысында қабылдаушы тарап жіберуші жақтың бөлімшелеріне техника мен қару-жарақты әкелуде, мемлекет ішінде алып жүруде, жолдарды пайдалануда рұқсат етеді. Сондай-ақ жеке құрамды қамтамасыз етіп отырған сапада жіберуші тараптың бөлімшесін тегін орналастырады. Жанармай, көлік және байланыс құралдары беріледі, медициналық бағытта қызметтер көрсетіледі.

«Өз кезегінде жіберуші тараптың бөлімшесі қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын және оқу-жаттығуларды өткізудің жоспарында нақтыланған рәсімдерді сақтайды. Жаттығулар Қазақстан мен Түркия қарулы күштері арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің кәсіби деңгейінің жауынгерлік даярлығын арттыруға ықпал ететін болады. Сондай-ақ әскерлердің арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн»,-деді Мұрат Майкеев.