Қазақстан мен Түркия бірлескен Сауда-өнеркәсіп палатасын құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркия бірлескен Сауда-өнеркәсіп палатасын құрады. Бұл туралы бүгін Астанада Түркітілдес мемлекеттер іскерлік кеңесінің 5-отырысы алдында тілшілерге берген сұxбатында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Түркітілдес мемлекеттер іскерлік кеңесінің 5-отырысында Қазақстан мен Түркия арасында бірлескен Сауда-өнеркәсіп палатасын құру мәселелері талқыланады. Оның аясында Түркиямен жұмыс жасап жатқан салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлер біріктіріледі. Ол біздің қарым-қатынастарды тереңдетуге, кедергілерді жоюға қызмет етеді", - деп атап өтті Н. Әлтаев.

Оның сөзінше, бірлескен Қазақстан-Түркия Сауда-өнеркәсіп палатасының екі кеңсесі Астанада және Ыстанбұлда орналасады. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тоқталған Н. Әлтаев, өзара сауда айналымда ең үлкен үлесті Қазақстаннан Түркияға бағытталатын экспорт иеленетіндігін атап өтті. Бірақ Қазақстан негізінен шикізат тауарларын тасымалдайды. Оның айтуынша, жақын уақыттары Түркітілдес мемлекеттердің іскерлік кеңесіне Өзбекстан да кіреді деп жоспарланған.