Қазақстан мен Түркия Еуразияның геосаясатына жаңа темірқазық орнатып жатыр — түрік сарапшылары

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары жай ғана дипломатиялық оқиға емес, Еуразияда жаңа геосаяси әріптестіктің қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Түрік сарапшылары Kazinform агенттігінің Анкарадағы тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында аталған сапардың бауырлас елдердің ынтымақтастығына не беретінін айтты.

Фото: Спикерлердің жеке мұрағатынан

Түркия Стратегиялық зерттеулер және даму орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Юнус Эмре Қанаттың айтуынша, көп жыл бойы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс символдық ынтымақтан асып, біртіндеп геоэкономикалық және геостратегиялық серіктестікке айналып жатыр.

— Астана мен Анкара арасында қорғаныс өнеркәсібінен бастап логистикаға, энергетикалық қауіпсіздік пен цифрлық трансформацияға дейінгі көпдеңгейлі ынтымақтастық моделі қалыптасуда. Бұл екі елдің тек екіжақты форматтағы серіктес ретінде ғана емес, Еуразиядағы жаңа тәртіпті қалыптастыруға қатыса алатын орта державалар ретінде де әрекет ете бастағанын көрсетеді, — деді ол.

Сарапшы Ердоғанның сапары осы трансформацияның саяси дәлелі екенін атап өтті. 

— Түркия түркі әлемін институттандыруды алғашқылардың бірі болып қолдаған елдердің бірі еді. Ал Қазақстан бұл құрылымға Орталық Азияның геосаяси тереңдігі мен легитимдігін беріп отыр. Басқаша айтқанда, бір тарап саяси-әскери әлеуетті қамтамасыз етсе, екінші тарап географиялық және дипломатиялық салмақ береді. Нақтысында бүгін Түркия мен Қазақстан Ұйымның негізгі екі тірегіне айналып отыр. Түркі мемлекеттері ұйымы біртіндеп мәдени алаңнан экономикалық интеграция мен көлік үйлестіруіне бағытталған құрылымға айналып келеді, — деді ол.

Сондай-ақ, ол бірлескен инвестициялық тетіктер дамыған сайын Астана мен Анкараның ұйым ішіндегі рөлі күшейе түсетінін де айтты.

Юнус Эмре Қанат екіжақты ынтымақтастықтың келешегі кемел бағыттарын атады.

Олар:

— қорғаныс өнеркәсібі мен жоғары технологиялық өндіріс;
— агротехнологиялар мен азық-түлік өңдеу;
— мұнай-химия мен жасыл энергетикаға арналған жабдықтар;
— цифрлық қызметтер мен бағдарламалар экспорты;
— білім беру, медицина және туризм.

Сарапшы екі ел ұлттық валюта арқылы есеп айырысатын сауданы кеңейту арқылы, экономикалық байланысты бекіте алатынын еске салды. Енді осы бағыттардың қатарына цифрлық экономика да кіргенін айтады.

— Ердоғанның сапары кезінде айтылған сигналдар тараптардың дәстүрлі сауда шеңберінен шығып, технологиялық серіктестікке басымдық беруге ұмтылып отырғанын көрсетті. Қос елдің демографиялық әлеуеті, инженерлік құзырет пен тоқсан жолдың торабында жатуы Қазақстан мен Түркия «Цифрлық Еуразия» тұжырымдамасын бірлесіп алға оздыра алады, — деп есептейді Юнус Эмре Қанат.

Сарапшы Орта дәліз Еуразияның жаңа транзиттік архитектурасын өзгертіп жатқанын айтты.

— Қазақстанның Каспийдегі инфрақұрылымын Түркияның порттары мен теміржол жүйесімен біріктіруі Орта дәлізді анағұрлым жылдам әрі сенімді маршрутқа айналдыра алады. Бұл Еуразияның транзиттік картасын елеулі түрде өзгертуі мүмкін. Орта дәліз күшейген сайын Қазақстан мен Түркияның аймақтық салмағы да арта береді, — деп атап өтті ол.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығы қазірдің өзінде аймақтағы маңызды модельге айналып отыр. Себебі ол модель тек транзитке ғана емес, экономикалық интеграцияға да негізделген.

Спикер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Анкараның аймақтық мәселелерді шешуде «елеулі рөл» атқара алатынын мәлімдегенін айрықша атап өтті.

— Ең алдымен, төрт негізгі бағыт туралы сөз болып отыр. Біріншісі — энергетикалық қауіпсіздік. Түркия Каспий энергоресурстарын Еуропаға жеткізудегі табиғи транзиттік торап болса, Қазақстан — ірі өндірушілердің бірі. Бұл ынтымақтастықты энергетикалық тұрақтылық үшін стратегиялық маңызды етеді. Екіншісі — көлік және жеткізу тізбектері. Пандемия мен халықаралық қақтығыстар сауда маршруттарын әртараптандыру қажеттігін көрсетті. Түркия мен Қазақстан бірлесіп Еуразияның жаңа логистикалық негізін қалыптастыра алады. Үшінші бағыт — қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық. Төртіншісі — аймақтық дипломатия, — деп түйіндеді ол.

ANKASAM стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Мехмет Сейфеттин Эрол да Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынас бүгінде Еуразиядағы терең трансформациялық процестердің көрінісі болып отырғанын айтады.

— Қазақстан мен Түркия бүгінде тауар айналымын ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Осы тұрғыда екі мемлекет үшін көлік-логистикалық байланысты дамыту аса маңызды бағыт болып қала береді. Бұл инфрақұрылымды кеңейтумен шектелмей, Еуразияның жаңа экономикалық географиясын қалыптастыруды қажет етпек. Екі елдің энергетика саласындағы синергиясы да маңызды. Жалпы алғанда, мұның бәрі үшін ең алдымен екі тарап қалыптастыруға тырысып отырған аймақтық тұрақтылық қажет, — дейді сарапшы.

Мехмет Сейфеттин Эролдың айтуынша, бауырлас мемлекеттердің байланысы аймақтық деңгейден шығып, жаһандық маңызға ие бола бастады.

— Екі ел де көпполярлы әлем тәртібіне бейімделуші ғана емес, ереже қалыптастыратын ойыншы ретінде әрекет ете алады, — дейді ол.

Сарапшы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жуырдағы сапары мен оның Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысуын ерекше атап өтті. Ол мұны Түркі мемлекеттері ұйымының рөлін күшейту және түркі әлемі аясындағы интеграциялық процестерді тереңдетудің маңызды сигналы ретінде бағалайды.

Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев интеграцияға тікелей кіріскен бауырлас 5 мемлекеттің жиынтық ішкі өнімі 2,4 трлн долларға жеткенін айтқан болатын