ҚР СІМ баспасөз қызметі атап өткендей, кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, саяси диалогты одан әрі нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейілділігін растап, екіжақты қатынастарды нығайтудағы биік және жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстардың маңызды рөлін атап өтті.
— Түрікменстан — біз үшін ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілік дәстүрлері байланыстырған жақын бауырлас мемлекет. Бірлескен күш-жігердің арқасында мемлекетаралық қатынастарымыз сапалық жаңа деңгейге көтерілді, — деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.
Өз кезегінде Р.Мередов түрікмен тарапының екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту болды. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 6,8%-ға өсіп, шамамен 180 млн АҚШ долларына жеткені аталып өтті. Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес тараптар бұл көрсеткішті 1 млрд АҚШ долларына жеткізуге дайын екендіктерін растады.
Министрлер 2026 жылғы 24 маусымда Астанада өткен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан Үкіметаралық комиссиясының 14-отырысының қорытындыларын жоғары бағалап, оның бірлескен жобаларды ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті.
Тараптар екі мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді қатынастардың берік негізі ретінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Білім беру, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері қарастырылды.
Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ, ТМД және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы тығыз үйлестіруді жалғастыруға дайын екендіктерін растады. Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайту, сондай-ақ Ауғанстанды дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Е.Көшербаев Түрікменстан тарапына Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулеріне және ТМД-дағы төрағалығы аясындағы жұмысына табыс тіледі.
Тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Бұған дейін Қазақстанның Президенті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасын туған күнімен құттықтағанын жазғанбыз.