Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 1,63 млрд долларға жетті

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,63 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 83,7%-ға өсті. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш 1,25 млрд долларға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,5%-ға артты.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Ұлыбритания Үкіметінің Әзербайжан және Орталық Азия елдері бойынша сауда өкілі Лорд Джон Алдердайспен кездесуінен мәлім болды.

Тараптар екіжақты сауда динамикасын, Қазақстан экспортының көлемін арттыруды, өндірістік кооперацияны, инвестициялық және ғылыми-білім беру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Қазақстан сауда көлемінің өсу қарқынын сақтап қана қоймай, оның құрылымын әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнімдердің экспортын арттыруға мүдделі. Қазіргі таңда экспорттың негізгі бөлігін күміс, шикі мұнай, мыс және мыс катодтары құрайды.

-Біз үшін екі ел арасында сауда байланыстарын одан әрі тереңдетіп, әртараптандыра отырып жалғастыру маңызды. Ең алдымен, Қазақстанның шикізаттық емес өнімдерін британ нарығына шығаруды кеңейтуге мүдделіміз, – деді Арман Шаққалиев.

Осыған байланысты министр британдық импорттаушылар мен сауда желілерінің өкілдерінен құралған сауда-экономикалық миссияны Қазақстанда ұйымдастырып, оларды отандық өндірушілермен тікелей байланыстыруды ұсынды. Сондай-ақ кездесуде британ нарығында экспорттық өнімдерге қойылатын сапа, сертификаттау, қаптама және стандарт талаптары талқыланды.

Кездесуде маңызды минералдар және оларды қайта өңдеуді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Лорд Джон Алдердайс британдық компаниялар мен университеттердің Қазақстанмен ынтымақтастығы минералдарды өндірумен ғана шектелмей, оларды қайта өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару бағыттарын да қамтуы мүмкін екенін атап өтті.

- Қазақстанның табиғи ресурстары мол. Алайда бұл ресурстарды тек өндірумен шектелмей, қосылған құн қалыптастыру және қайта өңдеуді дамыту міндетін қойып отырғаныңыз маңызды. Біз ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктерді дәл осы бағыттан көріп отырмыз, – деді Лорд Джон Алдердайс.

Тараптар сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, логистикаға және жоғары технологиялық салаларға британ инвестицияларын тарту, сондай-ақ екі ел компаниялары арасындағы тікелей байланысты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу барысында стандарттау, экспортты ілгерілету, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Қазақстан Британдық экспорт және халықаралық сауда институтымен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ «ҚазСтандарт» пен Британ стандарттар институты (BSI) арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі.

Сонымен қатар қазақстандық экспорттаушыларды көміртекті реттеу талаптарына, оның ішінде CBAM талаптарына дайындау мәселелері қаралды.

Лорд Джон Алдердайс екі елдің университеттері мен ғылыми орталықтары арасында, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі, минералдарды қайта өңдеу және атом салаларында ынтымақтастық орнатудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар жалпы әлеуеттен нақты сауда, инвестициялық, өндірістік және ғылыми жобаларға көшуге, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбританияның бизнесі мен бейінді ұйымдары арасындағы тікелей байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.

Осыған дейні Қазақстан мен Италия арасындағы сауда көлемі 16,9 млрд долларға жеткені туралы жаздық.