Қазақстан мен Ұлыбритания келісімі қай салаларда ынтымақтастықты арттырады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

Бұл құжат 2024 жылы 24 сәуірде Астанада жасалған. Ол Ұлыбританияның 2020 жылдың басында Еуропалық Одақтан шығуына байланысты жасалған еді.

— Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа серпін алып, саяси диалогты кеңейту, сауда экономикалық байланыстарды дамыту және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету қажеттігі айқын байқалды. Аталған келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім ережелері ескеріле отырып, әзірленгенін атап өткен жөн, — деді ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Министрдің айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Оң өзгерістер соңғы жылдары екіжақты тауар айналымы қарқынынан айқын байқалады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, өзара сауда көлемі 1,6 млрд АҚШ долларын құраған. Сонымен бірге, Ұлыбритания Қазақстан экономикасына 23 млрд доллар көлемінде инвестиция салған.

Аталған келісім аясында энергетика саласындағы әріптестікті кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта дәстүрлі энергетикамен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелері қарастырылған.

— Құжат көлік, логистика, цифрлық технологиялар және инновация салаларындағы өзара іс қимылды дамытуға жағдай жасайды. Бұл Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін нығайтуға және жаңа өндірістерді дамытуға ықпал етеді. Келісімнің маңызды бағыттарының бірі — экология және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту. Бұл бағытта табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және климаттық бастамаларды іске асыру бойынша тәжірибе алмасу жоспарлануда, — деді Сыртқы істер министрі.

Бұдан бөлек, білім, ғылым, мәдениет және инновациялар салаларындағы байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл жастар арасындағы алмасу бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ермек Көшербаев Еуропаға виза режимін жеңілдету бойынша келіссөзде негізгі жұмыстар пысықталып болғанын айтты.