Қазақстан мен Ұлыбритания арасында өзара құқықтық көмектер жасалады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, аталмыш келісімге былтыр 3 қарашада Мемлекет басшысының Ұлыбританияға сапары барысында қол қойылған. «Келісім екі ел арасындағы қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттерінің барлық кешенінде өзара құқықтық көмектерді қарастырады», - деді Бас прокурор орынбасары.
Оның айтуынша құжат, заттарды беруді, құжаттар тапсыру мәселелерін, қылмыстық жолмен алынған мүліктерді тәркілеу мен шектеулерді қарастырады. Сонымен қатар, келісім тәркіленген активтерді бөлу тұрғысынан бірқатар ерекшеліктерді де қамтиды. Мәселен, әдетте тараптар тәркіленген активтерді теңдей бөлетін болса, бұл келісім шартта Қазақстан тарапына кейбір жағдайларда мұндай активтерді бөлудің ерекше тәртіптері қарастырылады. Мәселен, жымқырылған мемлекет қаражаттары бөлуге жатпайды, сосын толық күйінде қайтарылатын болады. Дегенмен, онда активтерді сатуға арналған шығыстар есептелмейді. И. Меркельдің айтуынша, мұндай келісімшарттар әлемнің 22 елімен жасалған.
«Бүгінге дейін Қазақстан дәл осындай құқықтық көмектер бойынша Ұлыбритания Үкіметіне 9 мәрте өтініш жасады. Қазір Қазақстан тарапынан дәл осындай келісімді Франция елімен, кейіннен Германиямен жасау бағытында сараптамалық топ құрылуда», - деді И. Меркель.
Аталған құжат палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.