Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті
Іссапардың алғашқы күні Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық диалогтың бесінші отырысы өтті. Шараға Р.Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данкан тең төрағалық етті. Отырыс конструктивті негізде өтті. Алдымен халықаралық саяси аренадағы маңызды мәселелерді шолып өткен тараптар екіжақты қарым-қатынасты көпбағытты форматта егжей-тегжейлі талқылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэйдың Брюссельдегі АСЕМ саммиті аясында өткен кездесуінің екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін бергені атап өтілді.
Қазақстан делегациясының басшысы екіжақты қарым-қатынастың жағымды динамикасын атап өтіп, Стратегиялық диалог, Сауда-экономикалық серіктестік бойынша үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес сияқты т.б. құрылымдардың нәтижелі қызметіне ерекше көңіл аударды.
Тараптар қазақстан-британдық стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Бұл тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Қеңесі, екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастық, оның ішінде Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуына байланысты ынтымақтастық, «Астана» халықаралық қаржылық орталығы (АХҚО) шеңберіндегі бірлескен әрекеттерге, сондай-ақ Қазақстанда аймақтың ірі мемлекеттерінің қатысуымен үшжақты инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігіне баса назар аударылды.
Делегация британдық бизнес пен Британ-Қазақстан қоғамының (БҚҚ) өкілдерімен кездесу барысында еліміздегі инвестициялық климатты одан әрі жақсартуға бағытталған реформалар мен инициативалармен таныстырды. Қазақстанның аталған саладағы жетістіктерінің бір дәлелі ретінде Бүкіләлемдік банктің «Doing Business - 2019» рейтингінде былтырғы жылмен салыстырғанда 8 орынға көтеріліп, 190 мемлекет қатарында 28-ші орынға ие болғаны сөз болды.
Р. Василенко британдық кәсіпкерлерге елдегі ауқымды жекешелендіру бағдарламасы, АХҚО қызметі, қытайлық «Белдеу мен жол» бастамасы аясындағы «Astana Hub» Халықаралық ІТ стартаптар паркі туралы әңгімелеп, сұрақтарына жауап берді.
Кездесуге жиырмаға жуық көрнекті британдық кәсіпкерлер қатысты, олардың қатарында «Orion Group» компаниясының аймақтық директоры Марк Доннисон, «Central Asia Metals» компаниясының төрағасы Ник Кларк, «South China Securities» компаниясының директоры Хьюго Джаммс және басқалар болды.
Сондай-ақ іссапар шеңберінде «Chatham House» Корольдік халықаралық қатынастар институтының басшылығымен де кездесу өтті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат еліміздегі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалармен әрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы бастамаларымен таныстырып өтті.
Сапар барысында Р. Василенко Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуразиялық кеңестің жыл сайынғы бесінші отырысына қатысады.