«Қазақстан үшін Ұлыбритания Еуропадағы негізгі әрі стратегиялық серіктестердің бірі болып отыр. Ширек ғасыр уақытта екіжақты қарым-қатынастардың жоғары қарқынын атап өткім келеді. Жыл сайын осы форматтағы кездесулер біздің өзара байланыстарымызды нығайта түсуде, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарды ілгерлетудің жаңа тетіктері көзделуде», - деп тоқталды ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясы аясында 4 жұмыс тобы бар. Бұл бағытта айтарлықтай қызу пікірталастар өтуде.
«Ұлыбритания сауда айналымы бойынша Қазақстанның 10 үздік сауда серіктестерінің тобына кіреді. 2017 жылдың қортындысына сүйенсек, екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Әрине, бұл тұрғыда біздің әлеует айтарлықтай жоғары. Осы орайда үкіметаралық комиссия мүмкіндігімен сауда қатынастарына қосымша қарқын беруге мүдделіміз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 400-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Отырыс барысында мұнай-газ, қаржы, тау-кен салаларынан бөлек, жаңартылған энергия көздері, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жарату бағытындағы әлеуетті жобалар талқыланды.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың қаңтар-шілдесінде 743,4 млн АҚШ долларын құрады.