Қазақстан мен Вьетнам арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Фото: None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин Вьетнам Ұлттық жиналысы Төрағасының орынбасары Уонг Чу Льюмен кездесті.

Кездесудің негізгі мақсаты - екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және заң шығару мәселелерін талқылау болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

«Парламентаралық байланыстар екіжақты саяси үнқатысудың маңызды құрамы болып табылады. Сондықтан да, екі елдің заң шығару органдары арасындағы байланыстар мен тәжірибе алмасуды нығайту қажет», - деп атап өтті жүздесуде А.Судьин. Ол сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес, халықтың әл-ауқатын көтеру, сонымен бірге елдің экономикалық өміріндегі нарықтық қатынастарды реттеуге бағытталған тиімді заңнамалық актілерді әзірлеу және іске асыру жөніндегі вьетнамдық әріптестердің тәжірибесіне қазақстандық депутаттар назар аударып отырғанын жеткізді.

А.Судьин Қазақстан Парламентінің заң шығару қызметі және құрылымы туралы айта келіп, «ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Мәмидің Вьетнамға алдағы жылғы сапары Қазақстан мен Вьетнам арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың табысты дамуына қуатты серпін беретіні» туралы пікірін айтты.

Өз кезегінде Уонг Чу Лью екі елдің арасында дипломатиялық қатынастар орнаған 21 жылда әріптестік байланысты одан әрі ілгерілету үшін берік негіз қаланғанын атап өтті. Ол екі ел парламентшілерінің арасындағы ынтымақтастықты белсенділендіру жайында айтты.

Кездесу барысында экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтамақтастық мәселелері де талқыланды.

Соңғы жаңалықтар