Аталған шартқа 2017 жылдың 15 маусымында Ханойда қол қойылды. «Шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді, сондай-ақ жасалған қылмыс тұрғысында күдіктінің кінәсін дәлелдеуге қажетті тергеу амалдарын жүргізу ескерілген. Жалпы, бұл шарт стандартты құжат болып саналады», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин.
Шартпен мынадай құқықтық көмек көрсету түрлері қарастырылады: құжаттарды тапсыру; куәні, сарапшыны шақыру; дәлелдемелер мен айғақтар алу және беру, оның ішінде бейнеконференция немесе телевизия байланысы арқылы дәлелдемелер алу; қылмыстың кірістерін анықтау мен тәркілеу жөнінде шаралар қабылдау; ақпарат алмасу. Құжатты ратификациялау екі елдің қылмыспен күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.
«Осындай шарттар 27 елмен бекітілген. Қазіргі кезде мұндай құжаттарға Кубамен, Грекиямен және Македониямен арада қол қою пысықталуда», - деді А. Лукин.
Оның сөзіне қарағанда, Вьетнаммен ынтымақтастық айтарлықтай белсенді дамып келеді. Бұл мемлекет Оңтүстік-Шығыс Азияда біз үшін тартымды елдердің бірі болып отыр, яғни экономикалық тұрғыда байланыстар нығайтылуда. Өткен жылы екі ел арасында сауда айналымы 500 млн АҚШ долларынан астам қаржыны құрады. Бүгінде Қазақстан мен Вьетнам арасында тікелей әуе рейстері ашылған.