Қазақстан мен Вьетнам қылмыстық істерде өзара құқықтық көмек көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шартқа 2017 жылдың маусымында Ханойда қол қойылды.

«Шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті көрсету мәселелерін реттейді, сондай-ақ жасалған қылмыс тұрғысында күдіктінің кінәсін дәлелдеуге қажетті тергеу амалдарын жүргізу ескерілген. Жалпы, бұл шарт стандартты құжат болып саналады», - деді А. Лукин.

Шартты ратификациялау екі елдің қылмыскерлікпен күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.

Бас прокурорының орынбасары осындай шарттар 27 елмен бекітілгенін атап өтті. Қазіргі кезде мұндай құжаттарға Кубамен, Грекиямен және Македониямен арада қол қою пысықталуда.

«Вьетнаммен ынтымақтастық айтарлықтай белсенді түрде дамып келеді. Бұл мемлекет Оңтүстік-Шығыс Азияда біз үшін тартымды елдердің бірі болып отыр, яғни экономикалық тұрғыда байланыстар нығайтылуда», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы сауда айналымы 500 млн АҚШ долларынан астам қаржыны құрады. Бүгінде Қазақстан мен Вьетнам арасында тікелей әуе рейстері ашылған.