Қазақстан мен Венгрия ынтымақтастығының әлеуеті зор - Елбасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Венгрия саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды стратегиялық серіктестік аясында дамытуға ықыласты.

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде осылай мәлім етті.

«Қазақстан мен Венгрияны халықтарымыздың ортақ тарихы мен мәдениеті байланыстырады. Екі ел де саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды стратегиялық серіктестік аясында дамытуға ықыласты. Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның биылғы сапарының қорытындысын да жоғары бағалаймыз. Келіссөздер Қазақстан-Венгрия ынтымақтастығының әлеуеті зор екенін көрсетті»,-деді Президент.

Өз кезегінде сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Андраш Барани екі елдің қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік деңгейіне шыққандығын атап өтті.

«Менің Қазақстандағы жұмысым кезінде Астанада маңызды «ЭКСПО-2017» көрмесі өткелі тұр. Біздің ел осы айтулы шараға қатысатындығын растады. Сондықтан бұл бағытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз»,-деді ол.