Қазақстан Президенті ең алдымен елімізге мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп өтті.
— Мұны ең алдымен қазақ-вьетнам ықпалдастығын одан ары нығайтуға деген ниеттің айқын көрінісі деп бағалаймын. Вьетнам — Қазақстанның Азиядағы сенімді серіктесі. Елдеріміздің дамуы жолындағы мақсат-міндеттері де ұқсас. Вьетнамның 2040 жылға дейін экономикасы дамыған әлемдегі озық 25 мемлекеттің қатарына кіруге деген талпынысын толық қолдаймыз. Бұл ретте күш жұмылдырып, бірлесіп, әрекет етуге дайынбыз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аудартты.
— Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан ары күшейтуге тың серпін береді, — деді Президент.
Бұған дейін Вьетнам премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат беріп, Қазақстан-Вьетнам қарым-қатынасының жай-күйі жайлы егжей-тегжейлі айтып берген еді.
Сондай-ақ, кейінгі 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды? Kazinform аналитикалық шолушысы осы тақырыпты талдап көрген болатын.