$940 млн: Қазақстан мен Жапония 17 өнеркәсіптік жобаны іске асырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Кенжи Ямадамен кездесті. Кездесу барысында инвестициялық өзара іс-қимыл және өнеркәсіптік кооперация саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды.

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Токиоға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Тараптар барлығы $3,7 млрд-тан астам соманың 60 коммерциялық келісіміне қол қойды, оның ішінде өндіріске озық жапониялық технологиялар мен шешімдерді енгізуге бағытталған шарттар да бар.

-Қазақстан Жапониямен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Соңғы жылдары экономика, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы қарым-қатынасымыз айтарлықтай нығайды. Бүгінде өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы сомасы шамамен $940 млн болатын 17 бірлескен жоба іске асырылуда, оның 10-ы сәтімен пайдалануға берілді. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белсенді түрде пысықталуда. Біз барлық инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деген Ерсайын Нағаспаев биылғы желтоқсанда Астанада өтетін Қазақстан мен Жапония арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысының маңыздылығына тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты әріптестікті одан әрі дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Осыған дейін Ерсайын Нағаспаев 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінде 478 жоба іске қосылатынын айтқан болатын.