Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM – Азаматтық авиация комитетінің төрағасы жапон бизнесінің өкілдерімен кездесті.

Фото: freepik

Астанада Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Жапония делегациясының өкілдерімен кездесті. Кездесуге Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Ииджима мырза, KEIDANREN жанындағы Жапония – ТМД Іскерлік ынтымақтастық комитетінің төрағасы Такеши Хашимото мырза, ANA Holdings Inc. Компаниясының (құрамына All Nippon Airways әуе компаниясы кіреді) вице-президенті Такэсита Ютака мырза және жапон бизнесінің басқа да өкілдері қатысты.

Тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Бұл бастама екі ел арасындағы туризмді, сауда-саттықты, инвестицияларды және іскерлік байланыстарды дамытуға маңызды серпін береді.

Сонымен қатар кездесу барысында визалық режимге және тікелей рейстерді іске қосуға қатысты мәселелер қарастырылды.

Айта кетейік, Ақтаудан Үрімшіге және Астанадан Ыстықкөлге тікелей рейстер ашылды.

Алматыдан әлемнің 53 қаласына тікелей әуе рейсі бар.