Қазақстан мен Жапония ғалымдары жаңа гербицидті сынап жатыр
12:53, 28 Сәуір 2025
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында Sumitomo компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Онда институт ғалымдары — Камалдин Шермағамбетов, Гүлсім Баймбетова және Айдос Жалбыров — күріш алқаптарында жаңа жапон гербициді NC-656-ны сынау барысы мен қазіргі нәтижелерді талқылады. Сондай-ақ, алдағы жоспарлар мен жаңа тәжірибе алаңдарын ұйымдастыру жайы қарастырылды.
Кездесуде жапондық препараттарды қант қызылшасы мен жаздық арпада қолдану мүмкіндігі де қаралды.
Тараптар агротехнологиялар бағытында әріптестікті жалғастырып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Айта кетейік, елімізде жыл соңына дейін карбон егіншілігін дамыту жол картасы бекітілмек.