«Қазақстандағы орыс ұлты! Ақпараттық соғысқа Қазақстанның көпұлтты әлемін құртуға жол бермейік. Біз өз Жерұйығымызды ешқашан сатпаймыз! Кей адамдар Қазақстандағы орыстарды неден құтқарғысы келеді? Мол дастарханнан, кішкентайдан өсірген әжелердің құшағынан, ұлы қазақ халқының шексіз мейірімі мен даналығынан ба... Біз қазақ тілін үйренуге дайынбыз, үйреніп те жүрміз, өйткені біз қазақтарымызды шын жүрекпен және жан-тәнімізбен жақсы көреміз. Жаңа мектептер ашылып жатқанына өте қуаныштымыз және қазақ тілі біз үшін еш қиындық тудырмайды! Ең бастысы, Ы. Алтынсарин айтқандай «Кел, балалар, оқылық» дейміз. Біз балалардың Бейбітшілік туралы білім алғанын қалаймыз! Сондықтан «Қазақстан – менің Жерұйығым» флешмобын бастаймын», - деп жазды Александра Мыскина Facebook парақшасында.
Желі қолданушылары жаңа флешмобты бірден қолдады және алғыс айтқандар да бар.
«Елімді қалай жақсы көретінім туралы пост жазғаным үшін жүздеген адам рахмет айтты. Не үшін? Өмір бойы бірге жасаған адамдар мен өлкені құрметтеп, жақсы көретінім үшін рахмет айтудың қажеті бар ма? Бұл менің парызым, әрине, басқаша болуы мүмкін емес... Бірақ бұл маған Қазақстандағы орыстардың қолдауы қазақтар үшін қандай маңызды екенін және керек екенін тағы да көрсетті! Жылы лебіз жазғандардың барлығына рахмет», - деп жауап берді Александра Мыскина.
Жас әнші Александра Брославская да аталған флешмобқа қосылды.
«Мен өз Қазақстанымды, мәдениетімді, ұлттық киімдерімді жақсы көремін. Мұнда барлық адамдарға өз әнімнен үзінді жазғым келеді: «Не будет тесно людям разных наций, цвети мой Казахстан, цвети», - деп жазды әнші.
«Шанырак Food» жобасының авторы және жүргізушісі Дмитрий Куцель де науқан туралы өз пікірін білдірді.
«Александраның «Қазақстан – менің Жерұйығым» флешмобын қолдаймын, өзім Алматыда туып-өстім. Иә, маған орыстан шыққан қазақ термині ұнайды! Достарым мені найман деп атайды және мен оны мақтан тұтамын! Бір-біріміздің пікірімізді құрметтейік, мен сіздердің пікірлеріңізді құрметтеймін, сіздер де құрмет танытыңыздар, егер келіспесеңіз, ұстанымыңызды еш қорлаусыз білдіріңіз», - деп жазды Дмитрий Куцель.
Instagram желісінің Кристина есімді қолданушысы халықаралық оқиғаларға қатысты пікірін білдірді.
«Көрші елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты Ресей билігінің түрлі өкілдері біздің еліміздің аумақтық тұтастығы мәселелерін қозғайтын бейнероликтер пайда болды. Осыған байланысты #ҚазақстанменіңЖерұйығым флешмобына қолдау көрсеткім келеді. Біз мұнда өте жақсы өмір сүріп жатырмыз, бізді құтқарудың қажеті жоқ. Оған менің қазақ күйеуім мен ұлым дәлел», - деп жазды ол.
Бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Коммунистік партия фракциясының жетекшісі Геннадий Зюгановтың айтқан сөзіне қатысты пікір білдірген еді.